Руханият • 15 Наурыз, 2019

«Алтын қалам» байқауына  - 10 жыл!

1785 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Биыл  «Алтын қалам» әдеби жүлдесіне 10 жыл толып отыр. Ұйымдастырушылардың мәліметі бойынша,  бүгінде байқауға қатысушылар қатары көбейіп келеді.

«Алтын қалам» байқауына  - 10 жыл!

Биылғы жылы байқауға қазақ және орыс тілінде жазылған жұмыстар наурыздың 15-нен бастап, қыркүйектің 15-не дейін қабылданады. «Алтын қалам 2019» әдеби жүлдесінің бас серіктесі -  Бауыржан Оспанов жетекшілік ететін  «ZHERSU»  инвестициялық-өндірістік корпорациясы, бас ақпараттық серіктесіміз «Русское радио».

Биыл жоба  HALYK GROUP, сондай-ақ, Қазақстан баспасөз клубы, «КТК», «31 телеарна», Dombyra TV, «Меломан» сауда желісі, «Qamshy.kz» ақпарат агенттігі,  «Massaget.kz» жастар порталы, «Айқын», «Жас алаш» басылымдарының қолдауымен өтеді.

Әдеби туындыларды ұйымдастыру комитетінің adebiet2014@gmail.com,   kenze2002@mail.ru электрондық поштасына жолдауға болады. Конкурс жайлы толық мәліметті  жүлденің www.akalam.kz ресми сайтынан біле аласыздар. Сайысқа түскен барлық шығарма аталған сайтта орналастырылады.

Оқырмандар төмендегі аталымдар бойынша дауыс береді:  ДАРАБОЗ. Жылдың үздік балалар және жасөспірімдер шығармасы; Жылдың үздік поэзиясы; Жылдың үздік прозасы; Есенжол Домбаев атындағы жылдың үздік сатирасы; Жылдың үздік фантастика және детектив шығармасы; Жылдың үздік киносценарийі және драматургиясы; Есенқұл Маманұлы атындағы сыйлық қазақ тілінде жазылған үздік романға беріледі.

Есенқұл Маманұлы атындағы бас жүлде - 1 000 000 (1 млн) теңге қазақ тілінде жазылған үздік романның авторына бұйырады. Сонымен қатар балалар әдебиетіне арналған «Дарабоз» байқауының жеңімпазына - 1 000 000 (1 млн) теңге беріледі. Қаржылай сыйлықтарды  «ZHERSU»  инвестициялық-өндірістік корпорациясының жетекшісі Бауыржан Оспанов тағайындап отыр.  

 «Алтын қалам» әдеби жүлдесін ұйымдастырушылардың бірі Кенже Жұманұлы «Бүгінде «Алтын қаламға» алыс-жақын шетелдік авторлар өз шығармаларын ұсынуда. Кітап дүкендеріне кіргенде байқау жеңімпаздарының кітаптарын көріп марқайып қаламыз. «Алтын қалам» халықтық бәйгеге айналғанын, авторларымыздың құрметке бөленіп жатқанын мақтан тұтамыз» деген ойымен бөлісті.    

Алғашқы кезеңде шығармалар www.akalam.kz веб-сайтында іріктеледі. Оқырмандар өзіне ұнаған жұмысқа дауыс бере алады. www.akalam.kz сайтындағы онлайын-дауыс беру 6 ай бойы жалғасады. Дауыс беру аяқталған соң әр аталым бойынша 5 шығарма таңдап алынады. Сайыстың екінші кезеңіне оқырмандар тарапынан ең көп ұпай жинаған шығармалар өтеді. Одан кейін жүлдені ұйымдастырушылар мен жоба серіктестерінен құралған қазылар әрбір номинация бойынша жеңімпаздарды анықтайды. Өткен жылдардағыдай сайыс барысында шығарма авторлары көрсетілмейді.

 «Алтын қалам 2019» әдеби жүлдесі жеңімпаздарының есімдері күзде өтетін  марапаттау шарасында жарияланады. 

 

Эльвира Серікқызы,

«Еgemen Qazaqstan»

АЛМАТЫ